Білім

Ұлағат ұясы

Таяуда «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесіп, аталған білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен тың жобалары туралы әңгімелескен едік.

Күләш Ноғатайқызы, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім беру жүйесінің өзгеруі тиістігін айта келіп, ұлтжандылықты дамытуға көңіл бөлу қажеттігін жеткізді. Әл­бетте, Назарбаев зияткерлік мектеп­тері оқушыларының ағылшын тілін, жаратылыстану ілімін, ІТ технологияны меңгеруі қапысыз екенінен хабар­дармыз. Ал оқушыларды ұлт­жан­дылыққа тәрбиелеуде мектеп­тері­ңізде қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

— Жалпы, балалардың тәрбиесіне мән беру керектігі үнемі айтылып келеді. Мектептерімізде ұлтжан­ды­лық­ты дамыту түрлі жобалар мен ұл­т­тық дүниетанымдағы негізгі ком­по­нент­терді оқыту процесімен ұштастыру арқылы жүзеге асырылуда. Тәрбие оқу үдерісімен біртұтас және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құнды­лықтары негізінде жүзеге асырылады. Отаншылдық — адамның туған еліне, тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне сүйіспеншілігі, оның болашағына деген жауапкершілігі. Әрине, бұл — мектеп қабырғасында қалыптасып, үлкен өмірде жалғасын табатын қасиет. Ұлтымыз үшін «Шаңырақ» ұғымы өте маңызды. Оқушылар арасында хал­қы­мыздың қамқорлық, ынтымақ­тас­тық, ауызбірлік, көмек қолын созу сынды қастерлі ұғымдарымен оқушылардың өзін өзі тәрбиелеуін «Шаңырақ» қауымдастығы негізінде ұйымдастырдық. Мақсатымыз – қазақ­стан­дықтардың біртұтас ел екенін көрсету. Бүгінде 20 Назарбаев зият­керлік мектебінде 280 «Шаңырақ» қауым­дастығы бар. Қазақ тілінде оқи­тын жоғары сынып және орыс тілін­де оқитын төменгі сынып бала­лары бір «Шаңыраққа» бірігеді. Бірге сабаққа дайындалып, мектептегі шара­л­арға қатысады, жобалар жасап, тіл меңгереді, бауырмалдық қарым-қатынасын қалыптастырып, әлеу­мет­тік белсенділікке, зерттеу дағды­ларына үйренеді. Мектепішілік шараларда, интеллектуалды сайыстарда белсенділік танытқан үздік «Шаңырақ» қауымдастығының мүшелері «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясына қатысады. Аталған экспедиция барысында жас өрендеріміз Жошы хан, Алаша хан, Тоқтамыс және Едіге батырлар жүріп өткен, Елбасы сұхбат беріп, айрықша атап өткен қасиетті Ұлытауда болды. Сауран, Сығанақ қалаларында зерттеу жұмыстарын жүргізді. «Тараз — ғасырлар куәсі» маршруты негізінде ғасырлар бойы сақталған ескерткіштер мен қалашықтарды зерттеді. Жалпы, оқушылар 152 тарихи, географиялық, индустриялық, мәдени нысандармен танысып, тақырыптық зерттеулер жүргізді, 15 нысанда далалық зерттеу жұ­мыс­тарын жасады. Міне, осындай маз­мұны терең жобалар арқылы ұлтжан­дылықты оқушылар бойында қалып­тастыруға ден қоюдамыз.

Ұлтжандылық дегеннен шыға­ды, «Қазақты қазақ десе мақта­на­мын» деп өткен Міржақып, Ахмет, Әлихандар құрған әйгілі Алашорда үкіметіне биыл 100 жыл толады. Елбасы айтқандай, зият­­кер ұлтты қалыптастыруда Алаш зиялыларының болмысымен, еңбегі­мен танысу да келешек ұрпақтың ой-санасын ұлтқа бұра түсетіні даусыз. Осы іспетті тарихи даталар білім бағдарламасына енгізіле ме?

— 2012 жылдан бері «Туған елге тағзым» экспедициясының тұрақты маршруты Семей шаһарына, оның ішінде «Семей — ұлылардың мекені» атауы­мен Алаш қозғалысы және Алаш­орда үкіметі қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналып келеді. Оқушыларымыз архивте отырып, жобалар дайындайды, құнды деректерді пайдаланып, эссе жазады. Биыл Семей және Қарағанды қалаларындағы ұстаздарымыз «Алаш» қозғалысы және Алашорда үкіметі: Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орны» деп аталатын 9-10-сынып оқушылары­на арналған элективті курс бағ­дар­­ламасын әзірледі. Мақсат — Алаш зия­лыларының қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтерудегі тың идеялары мен бағдарламаларын оқушыларға жеткізу. Бұдан бөлек, «Ақылды бейсенбі» атты ғалымдармен кездесу аясында алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдінің дәрістерін өткіздік. Ағымдағы жылы «Туған елге тағзым» экспедициясын «Алаш ізімен» тақырыбы аясында ұйым­дастыру көзделген.

Президент биылғы Жолдауда Үкіметке үш тілді оқуға кезең-кезеңі­мен көшу мәселесі бойынша ұсыныс­тар әзірлеуді тапсырды. Бүгінде халық арасында үштілділік жөнінде түсінбеушілік бар екені белгілі. Бұл жоба бойынша өздеріңіз жинаған бай тәжірибемен бөлісе аласыздар ма?

— Халқымыз «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп бағзы заманда айтқан. Себебі Ұлы Жібек жолы бойындағы керуендермен сауда-саттық, сан алуан мәдениет арқылы түрлі халықтардың тілдері де тарап отырғандығы тарихи мәліметтерден белгілі. Сондықтан болар, үштілділік елі­міз­дің білім саласында, мемлекет тарихында да жаңа ұғым емес. Біз іс жүзінде пәндерді үш тілде оқытудан бұрын түрлі зерттеулер жүргіз­дік. Мысалы, алдымен қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеген лингвист ғалымдар қатарында Ахмет Байтұр­сынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мағжан Жұмабаевтың еңбектерін зерделедік. Бүгінде аталған ғалым­дар­дың зерттеулері қазақ тілін оқытудың тео­рия­лық және әдістемелік негізі ре­тін­де қолданылады. Ең бастысы, біз­дің мектептерде қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерінде білім беру жүйесі мем­лекет­тік тілімізді сақтап, дамытуға, әлем­дік қауымдастыққа орыс және ағыл­шын тілдері арқылы кірігуге бағыт­талып отыр. Жалпы, балаларды өзге тілде оқыту үшін олардың тіл­ді мең­геру дәрежесін жетілдіру керек. Сон­дық­тан бірінші, қазақ, орыс, ағыл­шын тілдері жеке пән ретінде оқыты­лады, сонымен қатар сыныптан тыс тәрбие жұмысы жүргізіледі. Бір ғана мысал, 2012 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және Президенттің телерадиокешені қазақ тарихына байланысты 100 фильмді оқу процесіне пайдалану үшін бөлісті. Аталған фильмдерді оқу­шылардың тілдік дағдыларын дамы­туға кеңінен қолданамыз. Оқушы­лар фильмдерді тақырыпқа сай мек­теп­тегі телестудияда өңдеп, тарих сабақ­тарында «Оқиға орнынан репортаж» дайындайды. Бір репортажды дайындау үшін оқушы бүкіл фильмді көріп, түйген ойын мәтін түрінде қағазға түсіріп, кейін 1-2 минуттық бейнесюжет әзірлейді. Бұл репортажды үш тілде түсіреді. Міне, осы арқылы балаға монтаж жасау, мәтін жазу, өз ойын жеткізу секілді бірнеше дағ­ды­ларды меңгеруге мүмкіндік бері­ле­ді. Бізде «Зияткерлік мектептер оқу­шы­ларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасы бар, кітаптардың саны анық­талған, 60 шығарма — қазақ тілінде, 20-сы — орыс, 20-сы ағылшын тіліндегі туын­дылар. Елбасы биылғы Жолдауында бала­лардың бойында сыни тұрғыдан ойлауды қалыптастыру қажеттігін баса айтты. Сыни тұрғыдан ойлау ізденуден басталмай ма? Оқушы ізденеді, мате­риал жинақтайды, талдау жасап үйренеді.
Зияткерлік мектептердің ұстаздары өз тәжірибесімен бөлісу үшін онлайн платформа жасақтады. Бұл платформа форум және жүйелік-әдістемелік кешен ретінде қолданылады.

онымен қатар, мектептердің кітапхана қорларын атап өтуге болады. Қор қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі баспаларды қамтиды. Оқу үдерісінде негізінен түпнұсқа материалдар қолданылады.

Үштілділікке жалғас мәселенің бірі қазақ тілінің жағдайы. Қазір бір­қатар пәндер қазақ тілінде оқы­тылады. Егер оқушы орыс­тілді болса, бұл пәндерді игеру қанша­лықты мүмкін болмақ?

— Иә, өте орынды сұрақ. Себебі, бұл мәселе қазақ тілін білмейтін балалардың Қазақстан тарихы, география, Қазіргі әлемдегі Қазақстан сынды бірқатар күрделі пәндердің мазмұ­нын түсінуімен, жазбаша, қазақ тілінде ауыз­ша тілдік дағдыларын дамытуымен байланысты. Сондықтан бірінші­ден, оқу­шының тілдік деңгейін белгілі бір дәрежеге дейін көтереміз. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытқанда ортақ тақырыптар пайдаланамыз. Оқу үрдісінде әдеби мәтіндермен қатар, балаға күнделікті өмірде кездесетін таныс құбылыстарға арналған мәтіндер, газет-журналдар да пайдаланылады. Бұдан бөлек, қазақ тілі мәселесі оқу процесімен шектелмейтінін, тәрбиемен ұштасып жататынын айтқым келеді. Қазақ тілін дамыту және мәдени мұраны сақтауға үлес қосуға бағытталған бір­неше мазмұны терең жобалар бар. Атап айтқанда, 2014-2015 оқу жылынан бас­тап жүзеге асырыла бастаған «Қазақ әндері», «Қазақ күйлері» жобалары оқушылар арасында қазақ тілінің тілдік ортасын жетілдіру, ұлттық салт-дәстүр мен музыка арқылы патриоттықты дамыту, мәдени құндылықтарымызды сақтауға үлестерін қосуға дайын болуға тәрбилеуді көздейді. Оқушы әннің, күйдің тарихын зерттеу арқылы оқу бағдарламаларында жоқ көптеген мағлұматтармен танысады. Ұлттық музыкамыз бен терең тарихымыздың негізінде тәрбиеленген балаларымызға үлкен үмітпен қараймыз. Сол секілді «Ауылдағы екі апта» әлеуметтік тәжі­ри­бесі — ұлттық мәдениет пен салт-дәс­түрлерді танып, ауылдың тұрмыс-тір­шілігін білуге бағытталған жоба. Бастапқыда жобаға 7-8-сыныптың 556 оқушысы қатысса, бүгінде 4500-ге жетті. Үйірмелердің де мазмұны ұлттық танымға құрылған. Мысалы, қыш­пен жұмыс үйірмесінде оқушылар Отырар­дан арнайы алынған саз балшықтан қыш құмыра, басқа да бұйымдар әзірлейді. Ши тоқу, киіз басу, кілем тоқу, кесте тігу секілді ұлттық қолөнерімізді үйре­те­міз. Қазақ тілін дамытуға байланыс­ты бала­лар «Қазақша уикипедия» жо­басы­­мен айналысады. 2013 жылдан бас­тап біздің мектептерден 2000 оқушы Wikipedia-ға ғылым, тарих, мәдениет, дәстүр, сәулет, спорт және басқа сала­лар­­­дан 20340 мақала, оның ішінде 19965-і қазақ тілінде, 300-ін орыс тілін­­­­де, 75-ін ағылшын тілінде жазды. 3 оқу­­­ш­ы­­мыз Wikipedia тағайындаған «Ал­тын қалам» марапатының иегері атанды.

«Абай жолы» эпопеясын бір тоқ­сан бойы оқытасыздар. Басқа мек­теп­терде жоғары сыныптарда 2 сағат оқитыны белгілі. Жалпы, осы тәжі­ри­бенің нәтижесі байқала ма?

— Әрине, қазақ әдебиетінде танымал, көлемді шығармалар көп, бірақ бар­лығын тереңдетіп оқытуға мүмкіндік бола бермейді. Оқушылар «Абай жо­лы» роман-эпопеясы арқылы тілдік дағ­ды­ларын дамытып, XIX ғасырдағы тарихи оқиғаларды талдайды. Осылайша, қазақ әдебиетіндегі аса құнды романның руха­ни маңызын түсініп, үш басты ком­му­ни­кативтік дағды, атап айтқанда, түсі­ну және жауап беру, талдау және ин­тер­­прета­ция, салыстыру және бағалау бағыт­­тарын дамытады. Бұл өз кезегінде оқу­­шы­­лары­мыздың кітаптағы мәтінмен жұ­мыс істеу, сөйлеу мәнерін дамыту, эссе жазуға дағдылануына мүмкіндік бере­­­ді. Сонымен қатар, әдебиет, тарих, гео­­­гра­фия сияқты пәндерді кірік­тіре оқы­­­­ту ар­­қылы қоршаған ортаны тұтастай түсі­­ну­­­­ге жол ашады. Ең қызығы, математи­ка мен гуманитарлық, өнер пәндерін де кі­­рік­­­тіре оқыту мүмкін екенін көріп отыр­­­­мыз. Осындай сабақтардан кейін ба­­ла­­­лар­­­дың оқуға, ізденуге деген қы­зы­­­ғу­­шы­­лы­ғының артқанының куәсі болдық.

Мемлекеттілігіміздің тарихы терең әрі күрделі. Алар өнеге көп. Бұл тура­лы Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгін­­гі қазақ халқы — сонау есте жоқ ескі заман­­дар­да-ақ тұлпарларының тұя­ғы­­мен дү­ние­ні дүр сілкіндірген көне сақ­­тар­­дың, еже­лгі ғұндардың, ба­йыр­ғы түр­­кі­­лердің ұр­пағы, үлкен үй­дің қараш­аңы­ра­ғын ата­жұртта сақтап қал­ған қазақ» деп атап өткен болатын. Тарих, өнер, дәстүр, мәде­ниет және әсем таби­ға­ты­­мыздың балаларды тәр­бие­л­еудегі әле­уеті зор. Біздер соны пайдалана білсек бол­ғаны. Өскелең ұр­пақ біз­дің мем­­­­­ле­­­кет­­­тің қалыптасу тарихының те­рең екен­­дігін, Ұлы дала — Еуразия құр­­­лы­­­ғы­­ның аймақтағы айбарлы рөлін, осы ке­ңіс­­тіктегі маңызды оқиғалар та­ри­­­хын танып, тұлғаларды үлгі етіп өсуі қажет.

Әңгімелескен Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

17.02.2017 ж.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button